Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру пациенттер үшін ешқандай өзгеріс әкелмеуі тиіс. Бұл туралы үкіметтегі брифингте Қазақстанның қаржы министрі Мәди Такиев қор министрлік басқаруына өткеннен кейін қазақстандықтарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қандай өзгерістер күтіп тұрғаны туралы сұраққа жауап беріп айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қаржы министрінің айтуынша, ағымдағы жылдың ақпанынан бастап қор Қаржы министрлігінің қарамағына берілген. «Ауқымды жұмыс атқарылды. Жаңа интеграциялық жүйе қайта жазылды, жаңа ақпараттық жүйе — Qalqan жасалды. Бүгінде барлық төлем осы төлем жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Ол қазынашылықпен де, қормен де интеграцияланған», — деді Мәди Такиев.
Пациенттер үшін нақты не өзгеретіні туралы сұраққа министр: «Жалпы алғанда, ештеңе өзгермеуі керек. Ол (пациент — ред. еск.) үшін күту уақытының қысқаруы, өзі үшін қалыпты төлемдердің жүруі, өз қалтасынан қосымша төлем жасамауы маңызды», — деп атап өтті.
Ол бұл үшін республикалық бюджеттен Әлеуметтік сақтандыру қорына 1,933 трлн теңге аударылғанын қосты — бұл қаражат әрі қарай ауруханалар мен емханаларға жіберілді.
«Жыл басындағы тізімде мерзімі өткен кредиторлық берешегі бар 68 клиника болды. Олар бойынша жұмыс жүргізілді, біз оларды қалпына келтіріп жатырмыз, қалдық шамамен 10 млрд теңге болды. Менің ойымша, жыл соңына дейін, ең кешіктіргенде келесі жылдың бірінші тоқсанында біз оларды оңалтудан шығарамыз. Жалпы, осындай жұмыс жүргізілуде», — деп қосты Такиев.


