Қазақстанда «CVK» қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың 474 мың USDT көлеміндегі цифрлық активтері тәркіленді. Бұл сома 212 млн теңгеге тең. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қаражат мемлекет кірісіне түсті, ал схеманы ұйымдастырушы сотты болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ҚМА дерегінше, қазақстандықтарға жоқ виртуалды дүкендерді сатып алуды ұсынып, күнделікті табыс пен жаңа салымшылар үшін бонустар уәде етілген.
«Жобаға қатысушыларға 120-дан 49 мың АҚШ долларына дейінгі құны бар виртуалды дүкендерді алу үшін USDT криптовалютасымен ақша салу ұсынылды. Оның орнына оларға күнделікті табыс пен жаңа салымшыларды тартқаны үшін қосымша бонустар уәде етілді», — деп хабарлады ҚМА.
Алайда виртуалды дүкендерде орналастырылған тауарлар шын мәнінде жоқ еді. Табыс алу жаңа қатысушыларды тартуға және олардың ақша салуына тәуелді болды. Салымдар OKX платформасы арқылы USDT криптовалютасымен электрондық әмияндарға аударылды.
Жедел іс-шаралар барысында 474 мың USDT көлеміндегі криптоактивтерді, яғни 212 млн теңгені, қатырып үлгерді. Сот осы цифрлық активтерді мемлекет кірісіне тәркілеуге үкім шығарды.
Қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырушы Қайырбаев С.Ш. тәркілеумен қоса екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасына сотталды. Үкім заңды күшіне енді.
Бұған дейін ҚМА-ның жалған қызметкерлері Оңтүстік Қазақстандағы медиктен 15 млн теңге талап еткені хабарланған болатын.


