Братиславада өтіп жатқан грек-рим, еркін және әйелдер күресінен жастар арасындағы әлем чемпионатының соңғы алдындағы күні қазақстандық балуан Нұрасыл Асамбек (57 келіге дейін) қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды infohub.kz.
Асамбек жүлдеге жету жолында бірнеше сенімді жеңіске жетті. Алғашқы белдесуде украиналық Аббас Хусейновты 4:2 есебімен ұтса, кейін француз Гаспар Камиль Чейнуаны 11:0 есебімен тізе бүктірді. Ширек финалда қазақстандық америкалық Майкл Кортестен 0:6 есебімен ұтылып қалды, алайда жұбаныш белдесуінде қытайлық Чентао Вангты 10:5 есебімен жеңіп, өзін ақтады. Қола үшін өткен шешуші белдесуде Асамбек өзбекстандық Улугбек Рашидовты 13:6 есебімен сенімді түрде ұтты.
Тағы бір қазақстандық балуан Бейбарыс Ерғали (92 келіге дейін) де медальға үміткер болған еді, алайда төртінші орынмен шектелді. Ол швейцариялық Яцек Фудалейді 9:2 есебімен ұтып, кейін украиналық Егор Горохты бөлек шешіммен (3:3) жеңді. Алайда жартылай финалда грузиялық Сандро Курашвилиден 1:6 есебімен ұтылып, үшінші орын үшін белдесуде америкалық Джеймс Мерле Мастныдан 2:3 есебімен жеңіліп қалды.
Ералы Аскербек (65 келіге дейін) пен Айбек Қалиахмет (79 келіге дейін) алғашқы кезеңдерде ұтылып, бұл күні медальдарға қатыса алмады.
Турнирдің соңғы күні қарсаңында Қазақстан құрамасының қоржынында төрт медаль бар. Грек-рим күресінен Қызыбек Қалмағамбетов (67 келіге дейін) алтын, еркін күрестен Бекасыл Асамбек (61 келіге дейін) күміс, ал Улдана Тілеухан (68 келіге дейін) мен Нұрасыл Асамбек қола жүлдеге ие болды.
Халықаралық күрес федерациясының (UWW) эгидасымен өтіп жатқан әлем біріншілігіне Словакия астанасында 700 жас спортшы қатысуда. Олар күрестің үш түрінен – грек-рим, еркін және әйелдер күресінен – 120 медаль жиынтығын сарапқа салуда.
Қазақстан Братиславада 30 спортшымен өкілдік етеді – 20 жігіт және 10 қыз. Турнир 23 тамызда аяқталады.


