Қазақстанның Даму банкі 2 млрд юаньге дейінгі несие желісі туралы алдын ала келісім жасады. Бұл шамамен 300 млн долларға тең. Қаражат Қазақстан экономикасының басым салаларындағы жобаларды, соның ішінде Қытаймен бірлескен бастамаларды қаржыландыруға жұмсалмақ, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
China Construction Bank Corporation Astana Branch-пен 2 млрд юаньге дейінгі несие желісін ашудың алдын ала шарттары туралы келісім инвестициялық форум барысында жасалды. ҚДБ-да айтқандай, қаржыландырудың түпкілікті параметрлері — сомасы, пайыздық мөлшерлемесі мен мерзімдері — әзірге белгісіз, олар бойынша келіссөздер жүріп жатыр.
Тартылған қаражатты Қазақстан экономикасының басым салаларындағы — энергетика, өнеркәсіп және көліктегі — капиталды көп қажет ететін жобаларға, соның ішінде қазақстан-қытай бірлескен жобаларына бағыттау жоспарлануда. Қаражат нақты жобалар мақұлданған сайын бөлінетін болады.
Сонымен қатар ҚДБ-да Қытайдың қатысуымен бірнеше ірі жобаның қазірдің өзінде жүзеге асып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, банк VIGOR Holding компаниясының қуаты 70 МВт күн электр станциялары паркінің құрылысын қаржыландырды. Бұл компанияның ең ірі акционері — қазақстандық миллиардер Владимир Кимнің құрылымдарымен байланысты топ-менеджер Динара Улданова.
Сондай-ақ Sauran Solar Power компаниясының қуаты 300 МВт күн электр станциясын және Karaganda Wind Power компаниясының қуаты 500 МВт жел электр станциясын салуға өтінімдер қарастырылып жатыр. Банк портфелінде Қытай компанияларының қатысуымен жүзеге асырылатын тағы бірқатар жоба әртүрлі кезеңде қаралуда.
China Construction Bank Corporation Astana Branch — Қытайдың ең ірі банктерінің бірі China Construction Bank-тің «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген филиалы.
Бұған дейін «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазына» Қазақстан экономикасына 27 млрд доллар бағыттайтыны хабарланған болатын.


