Photo: Ulises Castillo (https://www.pexels.com/@ulises-castillo-3027973) / Pexels
- 21 мам. 2026 10:00
- 30
Қазақстан «Газпромнан» 1,4 миллиард доллар өндіріп алуға «Нафтогазға» рұқсат берді
Қазақстан аумағында украиндық «Нафтогаз» компаниясына ресейлік «Газпромнан» 1,4 миллиард долларға жуық қаражатты мәжбүрлеп өндіріп алуға жол ашылды. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлады.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана қаласындағы Халықаралық қаржы орталығы соты «Нафтогаздың» өтінішін қанағаттандырып, бұған дейін Швейцарияда шығарылған арбитраждық шешімді Қазақстанда орындауға рұқсат берді. Бұл «Нафтогаз» үшін «Газпромға» қарсы халықаралық сот шешімін мәжбүрлеп орындатудың алғашқы жарияланған жағдайы болып табылады.
Газ тасымалына қатысты дау
Екі компания арасындағы дау 2019 жылғы ресейлік газды Украина арқылы тасымалдау туралы келісімшартқа байланысты туындаған. 2022 жылы соғыс басталғаннан кейін «Сохрановка» станциясы арқылы газ тасымалдау тоқтатылғанымен, «Суджа» пункті арқылы жеткізу жалғасқан.
«Нафтогаз» компаниясының мәліметінше, «Газпром» газ тасымалдау жалғасқанына қарамастан, келісімшарт бойынша төлемдерді толық жүргізбеген.
Арбитраждың шешімі
2022 жылдың күзінде украиндық компания Швейцариядағы халықаралық арбитражға шағымданды. 2025 жылдың жазында сот «Газпромды» «Нафтогазға» 1,37 миллиард доллар төлеуге міндеттеді.
Кейіннен ресейлік тарап бұл шешімді жоққа шығаруға тырысқанымен, 2026 жылдың басында Швейцария Федералдық соты оны түпкілікті күшінде қалдырды.
Енді бұл шешімді Қазақстан да мойындады. Бұл «Нафтогазға» ел аумағындағы «Газпром» активтерін өндіріп алу рәсімін бастауға мүмкіндік береді. Компания басшысы Сергей Корецкий сот шешімін халықаралық деңгейде қаражат өндіріп алу процесіндегі тағы бір қадам деп атап, басқа елдердегі жұмыстардың жалғасатынын мәлімдеді.