Қазақстан Үкіметі бірнеше министрлікті қамтитын мемлекеттік заңды тұлғаларды ауқымды қайта ұйымдастыруды бекітті. № 604 «Мемлекеттік басқарудың кейбір мәселелері туралы» қаулы ведомстволар құрылымында бірқатар біріктіру, қайта құру және таратуды көздейді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мәдениет және ақпарат министрлігінде «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» коммерциялық емес АҚ Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-на қосылады. «Камерата Қазақстан» классикалық музыка ансамблі Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының құрамына енеді. «Бірегей ішекті аспаптардың мемлекеттік коллекциясы» ҚР Орталық мемлекеттік музейіне беріледі, ал көзі нашар көретін және зағип азаматтарға арналған республикалық кітапхана ҚР Ұлттық кітапханасына қосылады.

Оқу-ағарту министрлігінің ведомствосында Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына бірден үш құрылым қосылады: Балаларды ерте дамыту институты, Арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту ұлттық ғылыми-практикалық орталығы және Қосымша білім берудің республикалық оқу-әдістемелік орталығы.

Денсаулық сақтау министрлігінде де өзгерістер күтілуде: Республикалық қан орталығы трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығымен біріктіріледі, ал «Алатау» балалар клиникалық санаторийі курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институтына қосылады.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде «Ғарыштық техника және технологиялар институты» ЖШС алдымен акционерлік қоғамға айналдырылады, содан кейін «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ-на қосылады.

Қаулымен толық таратылуға жататын заңды тұлғалардың тізбесі бекітілді: «Talap» ҰАҚ (ҚР Оқу-ағарту министрлігі), «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» ЖШС (ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі) және «Достық Энерго» АҚ (ҚР Энергетика министрлігі).

Қайта ұйымдастыру кезең-кезеңімен жүргізіледі. Нормалардың негізгі бөлігі 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі, ал жекелеген процедуралық өзгерістер мен активтерді қайта ұйымдастыру жөніндегі нормалар 2027 жылғы 1 қаңтардан, 2027 жылғы 1 шілдеден және 2028 жылғы 1 наурыздан бастап кезең-кезеңімен күшіне енеді.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес, елде Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылды, ол тікелей Президентке бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган мәртебесін алды.