Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов 28 қазанда «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2027–2029 жылдарға арналған адам саудасымен байланысты қылмыстардың алдын алу, оларды болдырмау және олармен күрес жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» қаулыға қол қойды. Құжаттың толық мәтіні «Әділет» ұлттық цифрлық құқықтық жүйесінде жарияланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Құжат еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелге шығатын Қазақстан азаматтарын есепке алу және мониторингілеу тетігін енгізуді көздейді. Атап өтілгендей, есепке алу мен мониторинг еңбекті қанау мен адам саудасының алдын алу мақсатында енгізілмек. Жоспардың бұл тармағын іске асыру 2027 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.

Сонымен қатар жоспарға сәйкес Қазақстанда ел аумағында жүрген шетел азаматтары мен еңбек иммигранттарының құқықтарын қорғау жұмыстарын күшейту көзделіп отыр. Оларға заңдық және әлеуметтік көмекке қолжетімділік қамтамасыз етіліп, құқықтары мен қорғану тетіктері туралы ақпарат берілмек.

Сондай-ақ адам саудасының алдын алу мақсатында еңбек және тұрмыс жағдайларын мониторингілеу енгізіледі. Онымен қатар үкімет жеке жұмыспен қамту агенттіктері мен жұмысқа орналастыру жөніндегі делдалдардың қызметіне мониторинг жүргізуді, оның ішінде тексеру іс-шараларын өткізуді жоспарлап отыр.