Қазақстанда мобильді интернеттің орташа тарифі айына шамамен 10 долларды — яғни 4,5 мың теңгені құрайды. Бұл әлемдік орташа деңгейден (27 доллар, яғни 12 мың теңгеден астам) үш есеге жуық арзан. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Қазақстандағы мобильді интернет құнын әлем елдеріндегі бағалармен салыстырды. Жылдам интернеті бар 55 ел арасындағы мобильді интернет құны рейтингінде Қазақстан қараша айында жетінші орынға тұрақтады.
Министрдің айтуынша, елдегі интернет-трафик көлемі өсуде. Байланыс жылдамдығын арттырып, 5G қамту аясын кеңейту үшін операторларға желілерді дамытуға инвестиция салу қажет.
«Тепе-теңдікті сақтау керек — тарифтерді халық үшін қолжетімді етіп, саланы инвестиция үшін тартымды ұстау қажет», — деп атап өтті Жаслан Мәдиев.


