2026 жылдың басынан бері Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстық топтар құру және оларға қатысу фактілері бойынша 50 қылмыстық іс қозғалды. Оның бір бөлігі трансұлттық сипатта болды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмыспен күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ІІМ ведомстволық сайтының дерегінше, сөз 2026 жылдың 10 айында тіркелген қылмыстар туралы болып отыр. Сонымен қатар полиция қылмыстық жолмен табылған мүліктің заңдастырылуына жол бермеу шараларын қолданып жатыр. Азаматтарды бопсалаудан қорғауға ерекше көңіл бөлінген: осындай 440-тан астам факт анықталды, оның ішінде кәсіпкерлерге және білім беру ұйымдарында жасалғандары бар.

«Түрлі қылмыс жасағаны үшін жалпы 240-тан астам криминалитет өкілі қылмыстық жауапкершілікке тартылуда», — деді Қуандық Алпыс.

Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыс жасауға қатысы бар 40-тан астам топтың қызметі тоқтатылды. Заңсыз айналымнан 380-ге жуық атыс және травматикалық қару, сондай-ақ 5 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді.

Адамды қанауға байланысты қылмыстардың алдын алуға ерекше назар аударылуда. Департамент өкілінің айтуынша, 135 қылмыстық құқықбұзушылық анықталып, зардап шеккендерді қорғау және оларға қажетті әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсету шаралары қабылданды.