Қазақстанда жалған диплом жасап ұсынған 20 сайттың жұмысы тоқтатылды. Бұл фактілер бойынша материалдар ҚР Ішкі істер министрлігі мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданды, деп хабарлайды infohub.kz.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бүгінде өз үлгісіндегі дипломдар арнайы жүйе арқылы ғана қалыптасатынын еске салды. Әр құжатқа бірегей нөмір мен QR-код автоматты түрде беріледі, ал диплом тек түлектің деректері Жоғары білімнің бірыңғай платформасында болған жағдайда ғана жасалады.

«Өз үлгісіндегі білім құжаттарында бірегей нөмір мен QR-код болмаса, олар жарамсыз болып саналады», — деп атап өтті ведомствода.

Министрлікте дипломдар базасы 1991 жылдан бері берілген құжаттарды қамтитынын түсіндірді. Жүйеге тек жоғары оқу орындарының уәкілетті қызметкерлері ғана қол жеткізе алады, ал диплом нөмірі білім алушы туралы мәліметтер негізінде автоматты түрде жасалады.

Жұмыс берушілер мен түлектер дипломның түпнұсқалығын Жоғары білімнің бірыңғай платформасының сервисі арқылы тексере алады. Құжаттың электронды нұсқасы eGov қосымшасының «Цифрлық құжаттар» бөлімінде де қолжетімді.

Министрлік жалған диплом жасау, сату және пайдалану қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды. ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес, бұзушыларға айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұған дейін «Курсив» «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусиннің бүгінгі таңда табысты мансап үшін бір ғана жоғары білімнің жеткіліксіз екенін айтқанын жазған болатын. Оның пікірінше, мамандар кәсібіне қарамастан бағдарламалау, жасанды интеллект және компьютерлік ғылымдарды меңгеруі қажет, өйткені дәл технологиялар мен бейіндік пәндер тоғысында жаңа жаңалықтар мен сұранысқа ие мамандықтар пайда болады.