Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі жер қатынастары саласындағы қызмет көрсету ережелерін қайта өңдеді. Бұл — құжаттың қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаларындағы сәйкессіздіктердің анықталуына байланысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың мәліметінше, жер саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету ережелерінде нормалардың екіұшты түсіндірілуі және тілдік нұсқалар арасындағы сәйкессіздіктер анықталған. Атап айтқанда, кент немесе ауыл жерлерінен жер телімін беру, сондай-ақ жобаланатын учаскені Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының ақпараттық жүйесі деректерімен келісу сияқты сұранысқа ие қызметтерге қатысты келіспеушіліктер болған.
Сот заңға тәуелді актінің мәтіндерінің бірдей еместігі тек терминологияға ғана емес, сонымен қатар қызмет көрсету тәртібіне, рәсімдердің мерзімдеріне, құжаттар тізбесіне және тіпті алушылар шеңберіне тікелей әсер еткенін анықтады. Мұндай олқылықтар заңның біркелкі қолданылмауына, құқықтық белгісіздікке және белгілі бір тәуекелдерге жағдай жасаған.
Қазақ және орыс тілдеріндегі нормативтік құқықтық актілер қатаң түрде теңтүпнұсқалы болуы тиіс болғандықтан, сот үкімет пен салалық министрлікке жекеше қаулы шығарған. Осы қаулыны орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі жедел түрде жаңа құқықтық акт — 2026 жылғы 3 сәуірдегі № 118 бұйрығын әзірлеп, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен келісіп, қабылдады.
Қабылданған шаралар заңға тәуелді актілердің нұсқалары арасындағы мағыналық және процедуралық сәйкессіздіктерді толығымен жойды. Енді жер телімдерін алу және оларды келісу рәсімі ашықтық пен құқық қолданудың біркелкілігі қағидаттарына қатаң сәйкестендірілді, сондай-ақ азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің сенімді қорғалуы қамтамасыз етілді, деп сендірді сотта.


