Қазақстанда өнеркәсіпте қолданылатын гуманоидты роботтар шығару жобасы іске қосылмақ. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жоба робототехниканы, жасанды интеллектті және өнеркәсіптік өндірісті біріктіреді. Оның мақсаты — елде меншікті технологиялық және инженерлік құзыреттерді дамыту.

Ведомствоның айтуынша, жоба халықаралық AgiBot компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылады. Бұл компания гуманоидты роботтарды әзірлеу мен өндіруге, сондай-ақ Embodied AI (іске асырылған жасанды интеллект) саласындағы шешімдерге маманданған. Серіктестік аясында Қазақстанда технологияларды локализациялау, инженерлік құзыреттерді дамыту, ғылыми зерттеулер жүргізу және мамандар даярлау көзделген.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ведомствоның міндеті дайын технологиялық шешімдерді енгізумен шектелмей, Қазақстанда меншікті инженерлік және ғылыми құзыреттерді қалыптастыру екенін атап өтті. «Гуманоидты роботтар өндірісі университеттерді, ғалымдарды және индустрияны біртұтас технологиялық тізбекке біріктіретін алаңға айналуы тиіс. Бұл — мамандар даярлау мен ғылыми зерттеулерден бастап технологиялық шешімдерді әзірлеуге және оларды өнеркәсіпте қолдануға дейінгі толық цикл. Білім, ғылым және өндірісті интеграциялаудың дәл осындай моделін кеңейтуді көздеп отырмыз», — деді Нұрбек.