24 тамызда Қазақстанда бес орман өрті тіркелді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, өрттер Ақтөбе, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында, сондай-ақ «Семей» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында болған.

Ведомство орман алқаптарына әуеден де, жерден де тұрақты мониторинг жүргізіліп жатқанын атап өтті. Өрт ошақтары анықталған кезде орынға дереу қажетті күштер мен құралдар жіберіледі. Қазіргі уақытта учаскелерде орман шаруашылығы қызметкерлері мен «Қазавиаорманқорғау» РМҚК мамандары жұмыс істеп жатыр.

Өрт сөндіру топтарының басты міндеті — отты оқшаулау, оның көршілес аумақтарға таралуына жол бермеу және өртті толық жою. Сонымен қатар, мамандар өрт өткен учаскелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қайта өрт шығуының алдын алу жұмыстарын жүргізуде.

Министрлік тұрғындар мен демалысқа шыққандарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды: отты қараусыз қалдырмау және кетер алдында оттың толық сөнгеніне көз жеткізу.

Бұған дейін «Курсив» Борнео аралындағы орман өрттерін еріктілермен бірге сөндіріп жүрген 17 жастағы индонезиялық Рудиянс туралы хабарлаған болатын. Ол жұмысқа Супермен костюмімен шығады. Қаңтардан шілдеге дейін Индонезияда өрт 200 мың гектардан астам жерді жойды, ал Эль-Ниньоға байланысты қуаңшылық жаңа өрттердің шығу қаупін арттырып, оларды сөндіруді қиындатты.