Қазақстан Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов әр жылдары әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан немесе ауыр жарақат алған әскери қызметшілердің туыстарынан құрылған бастамашыл топпен кездесті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ведомство басшысы, генерал-майор Айдос Мырзахметов әр жылдары әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан немесе ауыр жарақат алған әскери қызметшілердің туыстарынан құрылған бастамашыл топты қабылдады.
Кездесуге бас әскери прокурор мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының өкілдері де қатысты.
«Қорғаныс министрлігі туыстардың мәселелеріне түсіністікпен, ал қаза тапқан немесе зардап шеккен әрбір әскери қызметшінің отбасына ерекше жанашырлықпен қарайды. Әрбір өтініш мұқият қарауды және нақты жауаптарды талап етеді», — деді қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов.
Баспасөз қызметі атап өткендей, Мырзахметов әрбір жағдаймен жеке танысып, ұсынылған материалдарды зерделейтінін уәде етті.
Еске салайық, 2025 жылдың қыркүйегінде армияда қаза тапқан және зардап шеккен бірнеше қазақстандықтың ата-анасы Астанаға келіп, Министрліктер үйінің жанында тұрған болатын. Олар ұлдарының қаза табуы туралы ресми нұсқаға сенбеді.
Сол жылдың қарашасында армияда қаза тапқан ұлдардың аналары Астанада митинг өткізіп, өз сұрақтарына жауап беруді талап етті. Олардың сұрақтарына сол кезде Қорғаныс министрлігі жауап берген еді.


