Жалғыз иесі Сейітжан Есімов болып табылатын «Қостанай жолдары» құрылыс компаниясы 2025 жылдың қорытындысы бойынша 2,4 млрд теңге таза пайда тапты. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 909 млн теңге еді, яғни бір жылда 2,6 есе өсті. Бұл туралы компанияның қаржылық есептілігінде жазылған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қостанайда тіркелген «Қостанай жолдары» компаниясы толығымен Алматыда тұратын 68 жастағы Сейітжан Есімовке тиесілі. Ол — Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, 75 жастағы Ахметжан Есімовтің інісі. Ахметжан Есімов ұзақ жылғы мансабында Қазақстанның Бельгиядағы, Нидерландыдағы және Люксембургтегі елшісі, ауыл шаруашылығы министрі, вице-премьер, Алматы әкімі болды, «Астана Экспо-2017» ұлттық компаниясын, «Самұрық-Қазынаны» басқарып, өзге де лауазымдарда қызмет атқарды.
2025 жылы «Қостанай жолдарының» түсімі 14,7 млрд теңгеге жетті, ал 2024 жылы ол 9,6 млрд теңге болып, 1,5 есе артқан. Компанияның қаржылық кірісі 26,4 млн теңгеден 118,6 млн теңгеге өсіп, 4,5 есе көбейді. 2025 жылдың соңында бөлінбеген пайда 6,6 млрд теңгені құрады.
Компания түскен пайдадан дивидендтерді тұрақты түрде төлеп отырады. 2025 жылы олардың мөлшері 410 млн теңге, 2024 жылы – 205 млн теңге болды.
«Қарағанды жолдарының» негізгі қызмет түрлері – жолдар, әуежайлар мен спорт құрылыстарын салу, сондай-ақ басқа да жұмыстар. Компанияның бірнеше филиалы бар, оның ішінде Қарағандыдағы жөндеу-құрылыс басқармасы, Қарағанды облысындағы Ботақара кентіндегі жол-пайдалану учаскесі, Қарағанды облысындағы Осакаровка кентіндегі жол-пайдалану учаскесі және Ақмола облысындағы Державинск қаласындағы филиал.
Ашық деректерге сәйкес, биыл компания «Қондыбай» өткізу пунктіне апаратын Денисовка – Жітіқара – Мүктікөл – Ресей Федерациясының шекарасы бағытындағы жолдың 42 км учаскесін жөндеуге қатысқан.


