Қытай инженерлері бөлмедегі масаларды лазермен жоятын құрылғыны жасап шықты. Photon Matrix гаджетінің алғашқы партиясы тамыз айының соңында сатып алушыларға жеткізіледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Photon Matrix лидармен, миллиметрлік радармен және жасанды интеллекті бар камерамен жабдықталған. Жүйе ұшатын жәндіктерді бақылап, олардың координаттарын анықтайды да, лазер сәулесін бағыттайды. Осылайша, адамға тек миниатюралық әуе қорғаныс жүйесінің қансорғыштармен күресін бақылау ғана қалады.

Компания өндірісті бастап, интернет-дүкенін ашты. Сатып алушыларға инфрақызыл және көк лазерлі нұсқалар ұсынылады.

Дегенмен, құрылғының нақты жағдайдағы тиімділігі әзірге тәуелсіз сынақтармен расталған жоқ. Өндіруші қауіпсіздік туралы мәліметтерді кейінірек жариялауға уәде береді.

Әлеуметтік желі қолданушылары лазер қателесіп мысыққа, итке немесе иесінің өзіне бағытталуы мүмкін деп алаңдауда. Әзірлеушілер жүйенің масаларды басқа нысандардан ажырата алатынын дәлелдеуі керек.

Бұған дейін Атырауда масалармен күресу үшін дрондар тартылғаны хабарланған болатын.