Исмаилия провинциясының солтүстігіндегі Синай түбегінде орналасқан Телль-Абу-Сайфи нысанында жұмыс істеп жатқан археологиялық экспедиция фараон Рамсес II есімі жазылған құмтас тақтаны және Месн қаласы туралы деректерді тапты. Бұл жоғалған ежелгі мысырлық қаланың орнын анықтауға көмектесуі мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

XIX әулетке жататын артефактінің үш жағында Рамсес II-нің патшалық атақтары мен «Хор, Месн қаласының әміршісі» мүсінін қалпына келтіру туралы жазба сақталған. Мысырлық ғалымдардың пікірінше, бұл табылған жәдігер ежелгі әскери жол — Хор жолындағы Телль-Абу-Сайфиді ізделіп жүрген Месн қаласымен байланыстыруы мүмкін.

Сондай-ақ, нысаннан кірпіштен қаланған қалың қабырғасы, ғибадатханасы және қоймалары бар храмның қирандылары табылды. Кешен Птолемейлер дәуірінде кеңейтілген, ал біздің заманымыздың III ғасырында римдіктер оны әскери лагерь салу үшін ішінара бөлшектеп, ғибадатхананың орнына әк күйдіретін пештер орнатқан.

Басқа табылған жәдігерлердің қатарында екі тас төселген жол және XXVI әулеттің әскери хатшысының сланецтен жасалған мүсіні бар. Бұл олжалар аймақтың стратегиялық маңызын растайды.