Атақты музыкалық аспаптар өндірушісі Roland компаниясы миньондардың дауысымен ойнай алатын GO:KEYS 3 Minion синтезаторын таныстырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жаңа аспап кейіпкерлердің джинсы комбинезонын еске салатын көк әшекейі бар фирмалық сары түсте жасалған, ал корпусы олардың суреттерімен безендірілген.
Аспаптың басты ерекшелігі — дыбыс қозғалтқышы: оған танымал үштіктің — Боб, Кевин және Стюарттың дауыстары бар 32 бірегей пресет қосылған. Енді музыканттар классикалық туындыны да, заманауи хитті де осы сары мульткейіпкерлердің ойдан шығарылған тілінде ойнай алады.
Қалған жағынан құрылғы жаңадан бастаушылар мен әуесқойларға арналған негізгі GO:KEYS 3 моделін қайталайды. Синтезатор 61 пернемен, кіріктірілген динамиктермен жабдықталған және қарапайым саусақ батарейкаларымен жұмыс істей алады. Оның кітапханасында пианино мен ішекті аспаптардан бастап барабандар мен электронды синтезаторларға дейінгі мыңнан астам классикалық дыбыс бар.
Ашық безендірілген аспап пен күлкілі дауыс эффектілері үшін сатып алушылар 450 доллар төлеуі керек. Бұл тақырыптық дизайны жоқ стандартты нұсқадан шамамен 65 долларға қымбат. Құрылғыны жаңадан бастаған музыканттар мен мультфильм жанкүйерлеріне тамаша сыйлық ретінде ұсынып отыр.


