Қазақстанда салық реформасы бизнес ортаны белсенді түрде қайта құруға ықпал етті: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды есепке алғанда кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 32,5%-ға өсіп, 3,2 млн-ға жетті. Бұл туралы үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ұлттық экономика министрлігінің басшысы айтуынша, қосылған құн салығын төлеушілердің жалпыға бірдей белгіленген режимінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер саны 28%-ға артқан.
«Азаматтардың көлеңкелі экономикадан шығуына жағдай жасалды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимінде 981 мың адам тіркелді, оның 807 мыңы алғаш рет салық есебіне тұрды. 2026 жылдың тоғыз айында 277 мың жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркелді, оның ішінде 34,7 мың заңды тұлға және 242,3 мың жеке кәсіпкер бар. Осы кезеңде 19,7 мың заңды тұлға мен 356 мың жеке кәсіпкер есептен шығарылды», — деді ол.
Министр жеке кәсіпкерді тіркеуді тоқтату экономикалық қызметтің іс жүзінде тоқтағанын білдірмейтінін қосты.
«Жабылған 356 мың жеке кәсіпкердің 42,6%-ы 2025 жылы табыс таппаған, ал 20,8%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне ауысып, қызметін жалғастырды», — деп түсіндірді ҰЭМ басшысы.


