Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігінің басшысы Серік Жұманғарин үкіметтегі брифингте елде жүргізілген салық реформасына баға берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Журналистер қосылған құн салығы 16%-ға дейін көтерілгенін, алайда оның жоспары тек 90% шамасында орындалғанын еске салды. Олар шамамен 700 млрд теңге неге жиналмағанын және реформа күткен нәтиже бермеді деп санауға бола ма деп сұрады.

Серік Жұманғарин мұндай тұжырыммен келіспеді.

«Шын мәнінде, естеріңізде болса, өткен жылдың соңында біз салық реформасынан 4 трлн-нан астам қаражат түседі деп болжаған едік. Тоғыз ай өтті, салық реформасынан 3 трлн алдық. Шын мәнінде ел экономикасы 4,2%-ға өсіп отыр. 6 млн тонна мұнай өндірмегенімізге, теңге бағамы қатты нығайып кеткеніне және тұтынушылық кредиттеу секторы суығанына қарамастан. Бүгінгі таңда салық реформасы — экономикадағы жалғыз қаржы көзі. Меніңше, ол жай ғана сәтті болғаны емес, өзін тамаша көрсетіп отыр», — деді ҰЭМ басшысы.

Ол түсімдер бойынша жаңа болжамды жариялады.

«Жыл соңына дейінгі болжамым — кемінде 3,6 трлн теңге, кемінде, оған қоса салық реформасы экономикаға беретін үлесі. Бәлкім, одан да көп болар. Сонымен қатар біз 4 трлн-нан астам қаражаттың 2 трлн-нан астамын ҚҚС қамтамасыз етеді деп болжағанбыз. Шын мәнінде ҚҚС қазір бюджетке түсімдер бойынша салық көшбасшысы. Бюджетке салықтардан 37%-дан астамы түсіп отыр», — деп қосты Жұманғарин.

Ол сондай-ақ ҚҚС төлеуші заңды тұлғалардың саны айтарлықтай өскенін атап өтті.

«Әдетте олар жылына 4, 5, 6 мыңға өсетін. Ал биыл олардың саны бір жылда 37 мыңға көбейді. Жалпы алғанда, кәсіпкерлік құрылымы түбегейлі қайта құрылып жатыр. Сондықтан біз сүйенген болжамдар ақталмады деген пікіріңізбен келісе алмаймын», — деп түйіндеді ҰЭМ басшысы.

Бұған дейін біз Жұманғарин Салық кодексіндегі баптарды қайта қарау туралы пікір білдіргенін жазғанбыз.