2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілді. Ол мүлікті сату кезінде жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу ережелеріне айтарлықтай өзгерістер енгізді. Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің хабарлауынша, басты жаңашылдық — салықтан босату үшін тұрғын үйге иелік етудің ең төменгі мерзімінің бір жылдан екі жылға ұлғаюы, деп хабарлайды infohub.kz.
Салық салудың негізгі қағидаты өзгеріссіз қалды: салық тек құн өсімінен алынады. Егер мүлік сатып алынған бағадан қымбатқа сатылса, айырма табыс деп танылып, одан 10% салық төленеді. Бұл ереже барлық мәмілелерге қолданылады.
Азаматтардың жаңа талаптарға бейімделуі үшін 2026 және 2027 жылдарға арналған өтпелі кезең қарастырылған. Егер тұрғын үй 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін сатып алынған болса, бұрынғы норма қолданылады: бір жыл иелік еткеннен кейін сатқанда салық нөл теңгені құрайды. Осы күннен кейін сатып алынған нысандар үшін ЖТС-тан босатылу үшін жылжымайтын мүлікке кемінде екі жыл иелік ету қажет. 2028 жылдан бастап екі жылдық мерзім барлық мәмілелер үшін міндетті болады.
Жаңа құрылыстардағы үлестік қатысу шарты (ҮҚШ) бойынша талап ету құқығын басқаға берген кезде салық алынбайды, егер келесі шарттардың бірі орындалса: шартқа қол қойылған сәттен бастап үш жыл өтсе немесе меншік құқығы ресімделген сәттен бастап екі жыл өтсе.
Ел ішіндегі коммерциялық жылжымайтын мүлікті (кеңселер, қоймалар, дүкендер) сату кезінде, сондай-ақ Қазақстаннан тыс кез келген тұрғын үйді сату кезінде салықтан босату қолданылмайды. Бұл жағдайларда меншік мерзіміне қарамастан, құн өсімінен салық әрқашан төленеді.
Қазақстанда тіркелген автокөліктер үшін норма өзгеріссіз қалады: бір жыл иелік еткеннен кейін салық салдарынсыз сатуға болады. Егер автокөлік ертерек сатылса, салық тек сатып алу мен сату бағасының айырмасынан төленеді. Шетелдік есептегі көлік құралдары меншік мерзіміне қарамастан құн өсімінен салық салынады.
Ұқсас тәсіл цифрлық активтерге де қолданылады: меншік мерзіміне қарамастан құн өсімінен салық төленеді.
Егер меншік иесінде бастапқы құжаттар (сатып алу-сату шарттары, чектер) болмаса, салық базасы объектінің бағалау немесе кадастрлық құны негізінде айқындалады. Шетелден әкелінген автокөліктер үшін бастапқы құнға кедендік баждар, ҚҚС, акциздер және утилизациялық алым кіреді, бұл салық салынатын базаны азайтуға мүмкіндік береді.
Жаңа Салық кодексіне 2025 жылғы шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Реформа ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтерді, ал осы салық бойынша міндетті тіркеу шегі 10 мың АЕК (шамамен 40 млн теңге) деңгейінде белгіленді. Арнайы салық режимдерінің саны үшке қысқартылды: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оңайлатылған декларация бойынша бизнес және шаруа немесе фермер қожалықтары үшін.
Кодекс сондай-ақ ЖТС-тың прогрессивті шкаласын енгізді және банктер мен ойын бизнесі үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін 25%-ға дейін көтерді. Билік реформа салық есептілігінің көлемін 30%-ға, салықтар санын 20%-ға қысқартады, ал камералдық бақылау негізінен ескерту сипатында болады деп күтеді.


