Салық реформасы Қазақстанның мемлекеттік бюджеті кірісінің негізін нығайтуда шешуші рөл атқарды. Бұл туралы үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтып, реформаның алдын ала қорытындысын жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ұлттық экономика министрлігінің басшысы атап өткендей, қазіргі қиындықтарға қарамастан түсімдердің айтарлықтай өсуіне қол жеткізілді.

«Алынған нәтижелер қабылданған шаралардың фискалдық тиімділігі жоғары екенін және мемлекеттік қаржының тұрақтылығы артқанын көрсетеді. 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке салық түсімдері 19,3 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 трлн теңгеге, яғни 18,2%-ға өсті. Өсудің негізгі қозғаушы күші ҚҚС болды: ол бойынша түсімдер 37,3%-ға артты, оның ішінде отандық өндіріс тауарлары бойынша — 54,1%-ға, импорт бойынша — 23,9%-ға», — деп түйіндеді ведомство басшысы.

Еске салайық, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Оның аясында бірден үш арнайы салық режимі енгізіліп, кейбір ескі режимдер жойылды.