Францияның Иссуар қаласындағы Заманауи өнер орталығынан Сальвадор Дали жасаған «Әулие Иоанн Апокалипсисінің» қола мұқабасы ұрланды. Мұқабаның салмағы шамамен 150 кг, пергамент беттерімен қосқанда кітаптың жалпы салмағы 210 кг-ға жетеді. Ұрлық фактісін Клермон-Ферран прокуратурасы растады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Туынды 4 қазаннан 5 қазанға қараған түні жоғалып кеткен. Қола мұқаба алтынмен, асыл тастармен және теңіз қабыршақтарымен безендірілген.
Кітап 1958–1961 жылдары француз баспагері Жозеф Форенің бастамасымен жасалған. Ол әлемде жалғыз дана болып саналады. Туынды үстінде жеті суретші мен жеті жазушы жұмыс істеген, олардың қатарында Сальвадор Дали, Леонар Фужита, Бернар Бюффе, Жан Кокто және Эмиль Чоран бар.
Мәтін 150 пергамент бетіне қолмен жазылған. Бұрын бұл басылым әлемдегі ең ауыр және ең қымбат кітап саналған.
Халықаралық көрмелерден кейін туынды Швейцарияда сақталған, кейін жапон иелеріне өткен. Кейінірек оны коллекционер әрі реставратор Кристиан Каруцос сатып алған. Мұқаба мен пергамент беттерінің бір бөлігі оның Иссуардағы өнер орталығында қойылған.
Прокуратура ұрланған туындыны «ерекше және бірегей» деп атады. Тергеу жандармерияға тапсырылды. Ұрлықтың мән-жайы әзірге жарияланбай отыр.


