Бүгін кешке Самарқандта 46-дүниежүзілік шахмат олимпиадасы салтанатты түрде ашылады. Оған 398 команда, 1974 шахматшы және 240 гроссмейстер қатысады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Турнирге Қазақстан құрамалары да қатысады. Әйелдер командасы 2024 жылы Будапештте өткен өткен Олимпиаданың вице-чемпионы ретінде жарысты бастайды.

Әйелдер турнирінің фавориттері – Өзбекстанға негізгі құрамымен келген Үндістанның қазіргі чемпиондары. Басты бәсекелестер старттық нөмірлері бойынша: Грузия, Қытай, Қазақстан және АҚШ. Ресейдің әйелдер және ерлер құрамалары Самарқандтағы турнирге жіберілмеді.

Біздің команда үшін бірінші тақтада тамаша маусым өткізіп жатқан 22 жастағы гроссмейстер Бибисара Асаубаева ойнайды. Отандық әйелдер шахматының көшбасшысы Norway Chess беделді турнирінде жеңіске жетіп, Cairns Cup-та үшінші орын алды. Сондай-ақ әлемдік шахмат тәжі үшін претенденттер турнирінде екінші орынға тұрақтады.

208 команданың ішінен 34-ші септі алған Қазақстанның ерлер құрамасының бірінші нөмірі – 26 жастағы гроссмейстер Денис Махнев.

Ашық (ерлер) турнирінде бірінші старттық нөмірді АҚШ құрамасы иеленді. Екінші – қазіргі шахмат королі Гукеш Доммараджу бастаған 2024 жылғы чемпион үндістерде, үшінші – Жавохир Синдаров бастаған Өзбекстанда. Ол – шахмат тәжіне үміткер әрі біздің Асаубаеваның жігіті. Айтпақшы, Доммараджу – Синдаров арасындағы әлем чемпионы атағы үшін матч Женевада 22 қараша мен 13 желтоқсан аралығында өтеді.

Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы швейцар жүйесімен 11 турда өтеді. Әр команда құрамында 4 ойыншы және 1 қосалқы бар. Уақыт бақылауы классикалық: алғашқы 40 жүріске 90 минут қосып, 30 минут. Әр жүрістен кейін, біріншіден бастап, 30 секунд қосылады.

Матчта жеңіске жеткен құрама екі командалық ұпай алады, тең ойын үшін – бір ұпай. Теңдік болған жағдайда қосымша көрсеткіштер жүйесі қолданылады: Бергер коэффициенті (қарсыластар жинаған ұпай саны), сондай-ақ команда мүшелерінің жеке ұпайларының қосындысы.

Ерлер турнирінің жеңімпаздарына лорд Фредерик Густавус Гамильтон-Рассел кубогы, әйелдер турнирінің жеңімпаздарына Вера Менчик кубогы табыс етіледі. Екі команданың да орнының ең аз қосындысы бойынша үздік шыққан ел Нона Гаприндашвили кубогымен марапатталады.

2026 жылғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы кезінде ФИДЕ конгресі өтеді, оның бас ассамблеясында 26 қыркүйекте Халықаралық шахмат федерациясының жаңа президенті сайланады. Үміткерлер үшеу: неміс Ян-Хенрик Бюттнер, ресейлік Вадим Розенштейн және Қазақстаннан Тимур Турлов.