Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады, деп хабарлайды infohub.kz.

Кездесу барысында мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қорының қызметі, негізгі өндірістік және қаржылық көрсеткіштердің орындалуы, сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы туралы есепті тыңдады.

Қор басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов 2026 жылы «Самұрық-Қазына» 3,2 трлн теңгеге инвестициялық жобаларды аяқтауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Олардың қатарында — Мойынты — Қызылжар және Дарбаза — Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы, Алтынкөл — Жетіген және Бейнеу — Маңғыстау учаскелерін жаңғырту, Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын салу, Алматы ЖЭО-2 жаңғырту, Түркістан облысында бу-газ қондырғысын және гибридті электр станциясын салу. Сонымен қатар, Астанада деректерді өңдеу орталығының құрылысы және Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту аяқталуда.

Нұрлан Жақыпов қордың инвестициялық портфелі туралы да ақпарат ұсынды. «Бұл бағытта 2027–2029 жылдары энергетика, мұнай-газ саласы, көлік және цифрлық инфрақұрылым салаларында 21 трлн теңгеге 38 жобаны іске асыру жоспарлануда. Әлеуметтік бағыттың басымдықтары ретінде медициналық және әлеуметтік нысандарды салу, мүгедектігі бар балаларға арналған 55 орталық пен 46 инклюзия кабинетін ашу, сондай-ақ спорттық және білім беру инфрақұрылымын дамыту қарастырылуда», — деп нақтылады қор төрағасы.

Кездесу қорытындысы бойынша президент қор жұмысының негізгі бағыттары бойынша бірқатар тапсырмалар қойды.