Қазақстанның құрылыс компаниялары алдағы бес жылда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізбесе, бәсекеге төтеп бере алмай қалуы мүмкін. Бұл туралы «Қазақстан құрылысшылар одағы» филиалының Алматы қаласы бойынша директоры Тимур Нұртаев мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оның бағалауынша, еліміздегі құрылыс саласының цифрландыру деңгейі өте төмен.
«Шынымды айтсам, менің жеке пікірім: Қазақстандағы құрылыс саласының цифрландыруы өте төмен деңгейде. Бұл бағытта көш бастап жүрген бірқатар компаниялар бар, бірақ жалпы алғанда, бұл — тіпті апатты жағдай», – деді Нұртаев.
Ол проблемалардың бірі ретінде жобалау кезінде BIM-технологиялардың (ғимараттың немесе жолдың барлық өлшемдері, материалдары мен жүйелері туралы деректерді қамтитын цифрлық 3D-моделін жасау процесі) жеткіліксіз қолданылуын атады. Құрылысшылар одағы өкілінің айтуынша, көптеген жобалау ұйымдары мұндай шешімдерді әлі күнге дейін қолданбайды, себебі бұл заңнамада да, тапсырыс беруші тарапынан да талап етілмейді.
Салдары құрылыс кезінде тікелей байқалады. Мысалы, инженерлік коммуникациялар бір-бірімен қиылысып, кейбір жұмыстарды қайта істеуге тура келеді. Бұл құрылыс салушының шығынын арттырып, соңында құрылыс құнына әсер етеді.
Нұртаев жобалау кезеңінде цифрлық технологияларды белсендірек қолдану мұндай проблемаларды алдын ала анықтауға және қайта жұмыстардың санын азайтуға мүмкіндік беретінін айтады.
Цифрландырудың тағы бір бағыты ретінде Нұртаев мемлекеттік сараптамадан өтуді атады. Оның айтуынша, қазір жобаның сараптама мерзімі 45 жұмыс күнін немесе шамамен 60 күнтізбелік күнді құрайды. Бірақ жоба бірінші реттен өте алмауы мүмкін, бұл мерзімді одан әрі ұзартады.
Сарапшы мысал ретінде мемлекеттік сараптама саласында жасанды интеллектті қолданатын Armeta компаниясын келтірді. Оның айтуынша, бұл компанияның технологиялары процесті үш-төрт күнге, ал кейбір жағдайларда бірнеше сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Нұртаевтың пікірінше, жобалау, сараптама және құрылыс процестерін цифрландыру нысандардың құнын төмендете алады.
Сонымен қатар, Қазақстанның құрылыс саласы роботтандыру мен дрондарды қолдануды белсендірек қарастыруы керек. Маман бұл технологиялардың, атап айтқанда, Қытайда қолданылып жатқанын атап өтті.
Құрылысшылар одағының өкілі жаңа технологияларды енгізу болашақта шығындарды азайтудың ғана емес, компаниялардың бәсекеге қабілеттілігінің мәселесіне айналады деп санайды.
«Алдағы бес жылда жасанды интеллект пен цифрландыруды енгізбеген компаниялар нарықта шыдамайды, өйткені оларды қолданатын және енгізетіндердің құрылыс құны төмен болады», – деді Нұртаев.


