- 01 мам. 2015 00:00
- 343
Сәукеле
Сәукеле - ұзатылған қыз киетін аса қымбат, бағалы, кәделі әрі әсем бас киім. Сәукеле 2-3 қарыстай биік, ол дөңгелек төбе жағына қарай жіңішкере береді. Жоғарғы жағына үкі тағылады. Сәукеленің өн бойы қымбат маталармен қапталып, оның сыртына алтын, күміс, інжу-маржан, меруерт, лағыл сияқты асыл тастардан жасалған моншақтар тағылады, түрлі-түсті қымбат жіптермен тігіледі, безендіріледі. Матасына әшекей, шашақ, оқа тағылып, жиегіне бұлғын, құндыз терілерінен жұрын ұсталады. Бастан қисайып немесе түсіп кетпеу үшін тамақтан өткізетін бау тағылады. Екі құлақ тұсына омырауға жететін құлақша тоқылады. Сәукеленің артқы жағына ұзындығы жерге жететіндей ақ желең тағылады.
Сәукелені өте шебер әйелдер тігеді. Ұзатылған қыздың дәрежесі осы сәукелесіне қарап бағаланады. Әрине, мұндай бағалы бас киімді байлар мен өте ауқатты адамдардың қыздары киеді.
XIX ғасырдың алғашқы жартысында Кіші жүздің Байсақал атты байы мен Орта жүздің Сапақ байы құда болыпты. Байсақал құдаларына қыздың сәукелесін жіберіп: "Басқа ештеңе сұрамаймын, тек осы бір сәукеленің бағасын өздері есептеп берсе болды"- депті. Сонда Кенесарының ағасы Саржан төре: "Бұл сәукеленің бағасы бес жүз байтал болады екен, сондықтан қызының малы бес жүз жылқы болсын"- деп кескен екен. (Бұл дерек ғалым, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы еңбегінен алынған.)
Сәукеле - тек бас киім емес, ол - қазақ халқының байлығы мен сән-салтанатының, мәдениеті мен өнерінің озық үлгісі, өнер туындысы ретінде бағаланатын өте қымбат этнографиялық мүлік. Сонымен бірге ол - қазақтың қыздарына деген көзқарасының да бір белгісі. Дәстүр бойынша сәукеле тек ұзатылатын қыздарға ғана кигізіледі, оны айырбастамайды, басқаға киюге беруге болмайды.