«Созақ Фосфат» компаниясы Сейтжановтар отбасы бизнесінің құрамына кіреді. Ол Созақ ауданында фосфорит кенін терең өңдеу зауытын салуға 150 млрд теңге инвестициялайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты Түркістан облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Кәсіпорынды 2028 жылы іске қосу жоспарланған. Зауыт шамамен мың жұмыс орнын ашады деп күтілуде. 10 жыл ішінде жобаның бюджетке салық төлемдері шамамен 43,3 млрд теңгені құрайды.
Кәсіпорын толық өндірістік циклді қамтамасыз етеді – кен өндіру мен байытудан бастап жоғары қосылған құны бар химиялық өнім шығаруға дейін. Жобалық қуатқа шыққаннан кейін зауыт жылына 2 млн тонна фосфат кенін байыта алады.
Химиялық өнімнің жылдық өндіріс көлемі: күкірт қышқылы – 1,6 млн тонна, фосфор қышқылы – 600 мың тонна, диаммонийфосфат (DAP) – 600 мың тонна, моноаммонийфосфат (MAP) – 600 мың тонна, синтетикалық аммиак – 350 мың тонна.
Өнімді ішкі нарыққа жеткізу, сондай-ақ Қытайға, Үндістанға және жақын шет елдерге экспорттау жоспарлануда.
Жоба индустрияландыру картасына енгізілген. Кен орнындағы фосфорит қоры шамамен 1 млрд тоннаға бағаланады, құрамындағы фосфор 20-30%.
Жобаның технологиялық бөлігін қытайлық Sinopec Nanjing Engineering Co., Ltd. компаниясы әзірлейді, онымен EPC-келісімшарт жасалған. Қазір мамандар алаңды зерттеп, кен үлгілерін алып, технологиялық шешімдерді тексеруде. Техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) әзірлеуді биылғы қазан айында аяқтау жоспарлануда, одан кейін жобалау, инфрақұрылым тарту, темір жол салу және жабдық сатып алу басталады.
«Саутс-Ойл» холдингінің президенті Серікжан Сейтжановтың айтуынша, жаңа кәсіпорынға жұмысқа 300 жас маманды шетелге оқуға жіберу жоспарлануда.
Серікжан Сейтжанов отбасымен бірге Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның 75 ең бай бизнесмені рейтингінде $402 млн байлығымен 27-орында тұр.
Сондай-ақ отбасына «МұнайҚұрылысСервис» құрылыс компаниясы, Smart-Oil бұрғылау кәсіпорны, «Стандарт Цемент», Central Asia Mining Co және Talas Investment Company цианид зауыты тиесілі. Сейтжановтар сондай-ақ Rixos Khadisha Shymkent және Rixos Turkestan қонақ үйлеріне, Khanshaiym Plaza сауда-ойын-сауық орталығына иелік етеді.
Бұған дейін «Курсив» Алматы облысында 9,5 млрд теңгеге жаңа зауыт іске қосылғанын жазған.


