Семей прокуратурасы 31 білім беру ұйымында дербес деректер туралы заңнаманың бұзылғанын анықтады. Мектептердің ресми сайттарында қызметкерлер мен оқушылардың жеке мәліметтері бар құжаттар ашық қолжетімділікте орналастырылған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қадағалау органының мәліметінше, атап айтқанда, 3 752 қызметкердің тегі, аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірлері, туған күндері, тұрғылықты мекенжайлары мен байланыс телефон нөмірлері, сондай-ақ 344 кәмелетке толмаған баланың мәліметтері жарияланған.
«Мұндай мәліметтерді орналастыру жеке өмірге қол сұғылмаушылықтың бұзылуына және оларды заңсыз пайдалануға қауіп төндірді», — делінген прокуратура хабарламасында.
Қадағалау актісі бойынша заңсыз орналастырылған мәліметтер ашық қолжетімділіктен алынып тасталды, ал кінәлі тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылды.
«Прокуратура дербес деректер туралы заңнаманың талаптарын, әсіресе интернет желісінде ақпарат орналастыру кезінде қатаң сақтау қажеттігін еске салады», — деп атап өтті қадағалау органында.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында прокурорлар 600-ден астам педагогтің дербес деректерінің таралуын тоқтатқаны хабарланған болатын.


