Испандық маман Серджи Альтисент «Семей» футзал клубының бас бапкері болып бекітілді, деп хабарлайды infohub.kz.
33 жастағы бапкер командаға 2025 жылдың қыркүйегінде қосылып, наурыз айында бас бапкерлік қызметтен кеткен Аслан Смаковтың штабында жұмыс істеген. Смаков кеткеннен кейін Альтисент бас бапкер міндетін атқарушы болып, енді ресми түрде осы лауазымға бекітілді. Испандықпен келісімшарт 2026/27 маусымының соңына дейін жасалды.
«Серджиге жаңа қызметінде табыс, алға қойған мақсаттарға жету және „Семей“ футзал клубымен бірге жаңа жеңістерге жетуді тілейміз!» — делінген клубтың мәлімдемесінде.
Альтисенттің жетекшілігімен семейліктер өткен маусымда Қазақстан чемпионатының финалына жетіп, онда алматылық «Қайраттан» ұтылды. Бұған дейін маман үш жыл бойы испандық «Барселонаның» резервтік командасын басқарып, жас ойыншыларды дайындаумен айналысқан.
Сондай-ақ клуб 28 шілдеден бастап ресми сайтта жаңа маусымға абонементтер сатылымы басталғанын хабарлады. Абонементтер плей-оффты қоспағанда, ұлттық біріншіліктің барлық үй матчтарына қолданылады. Чемпиондар лигасының ойындары абонементтік бағдарламаға кірмейді. Үш санат қолжетімді: Fan — 16 000 теңге, Comfort — 40 000 теңге, Elite — 60 000 теңге.


