Шығыс Қазақстан облысында көші-қон қызметінің қызметкерлері қос азаматтығы үшін 38 адамды жауапкершілікке тартты. Ал Алтай ауданының 21 жастағы тұрғыны басқа мемлекеттің азаматтығын алған соң, оның қазақстандық паспорты алынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі атап өткендей, Қазақстан Республикасының заңнамасы қос азаматтыққа жол бермейді. Дегенмен Шығыс Қазақстан облысының көші-қон қызметі қызметкерлері басқа мемлекеттің азаматтығын алғаннан кейін бұл туралы хабарламай, құжаттарын пайдалануды жалғастырып жүрген адамдарды әлі де анықтап отыр.
Жыл басынан бері 620-дан астам адамның Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылғаны тіркелді. 38 адам азаматтық саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Анықталған фактілердің басым бөлігі көршілес мемлекеттердің азаматтығын алған адамдарға қатысты», — деді ШҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ринат Шкибаев.
Осындай жағдайлардың бірі Алтай ауданының 21 жастағы тұрғынынан анықталды. Ол басқа мемлекеттің азаматтығын алған, алайда бұл туралы уәкілетті органдарға уақытылы хабарламаған. Тексеру барысында оның құжаттары алынып, азаматтығынан айырылуы тіркелді.


