Шығыс Қазақстан облысындағы Қарағұжы өзені «апельсин» түске боялды. Себеп — «Востокцветмет» ЖШС-нің бұрынғы Юбилейный-Снегириха кенішінің шахта сулары. Бұл жерде бұзушылықтар анықталған, деп хабарлайды infohub.kz.

Өзеннің түсі өзгергеннен кейін экология департаменті 31 шілдеде тексеру жүргізді. Мамандар кеніш аумағынан жер астынан шығып жатқан шахта сулары жиналып, Қарағұжыға құятын бұлаққа түсетінін анықтады.

«Тексеру барысында кенішті жою жұмыстарының тиісті деңгейде ұйымдастырылмағаны анықталды. Соның салдарынан жер астынан жер бетіне шахта суларының көптеп ағып шығуы байқалды», — делінген хабарламада.

Бұл сулардың өзенге құйылуы оның көрсеткіштерінің өзгеруіне әкелді. «Аталған бұзушылықтар Қарағұжы өзені суының „апельсин“ түске боялуына, оның сапалық және химиялық көрсеткіштерінің нашарлауына, су объектісінің табиғи гидрохимиялық режимінің бұзылуына әкелді», — деп қосты экология департаментінде.

Экологтар ластаушы заттардың өзен ағысымен әрі қарай таралу қаупін де атап өтті. Тексеру нәтижелері бойынша бұл қоршаған ортаның жай-күйін нашарлатып, айтарлықтай экологиялық залал келтіреді.

Сонымен қатар, ластану тек суға ғана әсер еткен жоқ. Мамандар шахта суларындағы заттардың топыраққа сіңгенін анықтады. «Шахта суларындағы ластаушы заттар топырақ жамылғысына еніп, оның химиялық құрамының өзгеруіне әкелді», — делінген ведомство хабарламасында.