Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкері ойланбастан кәріз құдығына түсіп, екі жұмысшыны құтқарды, деп хабарлайды infohub.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 тамызда сағат 14:30 шамасында «Молодежный» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының 1985 жылы туған екі қызметкері Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентіндегі №11 үйдің жанында кәріз құбырларын тазалап жүрген.
Жұмыс барысында ер адамдардың бірі кәріз люкіне түсіп, есін жоғалтқан. Әріптесіне көмектеспек болған екінші жұмысшы да соңынан түскен, алайда ол да есін жоғалтқан.
Болған жағдайды Ұлан ауданының криминалисі, полиция капитаны Асет Нағашбаев байқап қалған. Ол маңайдағы люк маңында адамдарды көріп, дабыл қаққан дауыстарды естіп, бұл туралы учаскелік инспекторға дереу хабарлаған.
Оқиға орнына полиция майоры Нұрдәулет Төтепов келген. Әр секундтың маңызды екенін түсінген ол бірден арқан сұрап, оны бекітіп, люкке түскен.
«Өзін қауіпке тіккенін біле тұра, полицей тоқтап қалмады. Бірнеше минут ішінде ол алдымен бір жұмысшының, содан кейін екіншісінің жер бетіне шығуына көмектесті. Осыдан кейін екеуін де келген жедел жәрдем бригадасына тапсырды», — деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінде.
Полиция капитаны Асет Нағашбаевтың сергектігі мен полиция майоры Нұрдәулет Төтеповтің батыл әрекетінің арқасында қайғылы оқиғаның алдын алу мүмкін болды.


