Шығыс Қазақстан облысында әкімнің жаңа орынбасары тағайындалды. Ол — бұған дейін Алтай ауданының әкімі қызметін атқарған Ренат Құрмамбаев, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, Ренат Тлеуханұлы ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер қатынастары және табиғат пайдалану мәселелеріне жетекшілік ететін болады.
Ренат Құрмамбаев 1980 жылы 25 қаңтарда Үлкен Нарым ауданының Ново-Березовка ауылында дүниеге келген. 1998 жылы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжін «Еңбек оқыту» мамандығы бойынша, 2001 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Ауыл шаруашылығы өндірісін механикаландыру бойынша кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша, ал 2006 жылы Қазақстан-Америка еркін университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2003 жылы Катонқарағай аудандық мәдениет бөлімінің жастармен жұмыс жөніндегі бас маманы болып бастаған. 2005 жылы Катонқарағай ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеген. 2005-2008 жылдары Катонқарағай ауданы әкімі аппаратының кадрлық және мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.
2008-2009 жылдары Катонқарағай ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-кадрлық бөлімін басқарған. 2009-2011 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы болып қызмет еткен.
Әр жылдары Катонқарағай және Ұлан аудандарының әкімі, ШҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары және Алтай ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2023 жылдың қарашасынан бастап осы уақытқа дейін Алтай ауданының әкімі болған.


