Шығыс Қазақстан облысында табиғи өртті жою жұмыстары жалғасуда. От құрғақ шөпті, ағаштарды және орман төсенішін шарпыды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстың Ұлан ауданындағы «Асу-Бұлақ орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аумағында табиғи өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда. От құрғақ шөпті, ағаштарды және орман төсенішін шарпыған.
Ведомствоның айтуынша, өртті сөндіруге желдің ауыспалы бағыты, тік беткейлер, ауа температурасының жоғары болуы және кіреберіс жолдардың болмауы қиындық тудыруда. Күштер мен құралдарды жедел басқару үшін оқиға орнында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы орналасқан штаб құрылды. Штаб барлық тартылған қызметтердің іс-қимылын үйлестіріп, жерүсті және әуе топтарының өзара іс-қимылын қамтамасыз етіп, өртті одан әрі жою бойынша шешімдер қабылдайды.
Өртті сөндіруге ТЖМ, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қазавиаорманқорғау», Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары — шамамен 220 адам және 43 техника, сондай-ақ ТЖМ-нің бес «Қазавиақұтқару» тікұшағы, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің және ҰҚК департаментінің авиациясы тартылды.
Қиын жететін учаскелерде ТЖМ тікұшақтары, облыс әкімдігінің және ҰҚК департаментінің авиациясы су құятын құрылғылармен жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 100 түсіру жасалып, 288 тонна су төгілді, деп хабарлады ведомствода.


