Шығыс Қазақстан облысының шалғай әрі бару қиын елді мекендерінің тұрғындары жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізе бастады: биыл өңірдің 12 ауылында спутниктік байланыс жабдығы орнатылып, іске қосылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, желтоқсан аяғына дейін тағы 4 елді мекенде спутниктік байланыс жабдығын орнату жоспарлануда. Бұл ауыл тұрғындарының білім алу, жұмыс істеу, ақпарат алмасу және мемлекеттік қызметтерді қашықтан алу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Жобаны Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «QMobile» акционерлік қоғамы Шығыс Қазақстан облысының цифрландыру және архивтер басқармасының қолдауымен «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында бірлесіп жүзеге асырып отыр.
2026 жылдың мамырында спутниктік интернет 2 ауылға қосылған болатын. Жуырда тағы 10 елді мекенде жұмыстар аяқталды. Орнатылған жабдық интернетке 50 Мбит/с дейінгі жылдамдықпен қосылуға мүмкіндік береді. Қамту радиусы 100 метрге дейін жетеді.
«Бұл бастама шалғай ауылдар үшін ерекше маңызды. Тұрақты интернет тұрғындарға онлайн білім алуға, қашықтан жұмыс істеуге, туыстарымен сөйлесуге және үйден шықпай-ақ мемлекеттік қызметтерді пайдалануға мүмкіндік береді. „Қолжетімді интернет“ ұлттық жобасы аясындағы жұмыс өңірдің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға және қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға бағытталған. Спутниктік технологиялар шалғай елді мекендерді заманауи байланыс қызметтерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысының цифрландыру және архивтер басқармасы.


