Шымкентте 2027 жылға қарай барлық жеке үйлер ақылды газ есептегіштерімен жабдықталады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Aqyl Energy жобасы аясында мегаполисте табиғи газды цифрлық есепке алуға жаппай көшу жалғасуда. «QazaqGaz» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа құрылғылар тұтынылған газ көлемін автоматты түрде тіркеп, деректерді қашықтан жібереді. Есептегіштерді орнату тұтынушылар үшін тегін.

Қазіргі уақытта ақылды есептегіштермен 80 мыңға жуық жеке үй жабдықталған. Мамандар жобаның екінші кезеңіне кірісті. Шымкенттің жеке секторын толығымен цифрлық жүйеге 2027 жылға дейін көшіру жоспарлануда.

Қала тұрғындары жаңа жүйе есептеулерді ашық әрі әділ ететінін атап өтуде. «Бұрын бақылаушылар үй-үйді аралап, көрсеткіштерді жазып алатын, содан кейін бізге төлем келетін. Енді біз бір тиын да артық немесе кем төлемейміз», — деді шымкенттік тұрғын Өскенбай Сегізбай.

Қалада ақылды есептегіштерді орнату 2025 жылдың маусымында басталды. Кейін жоба Түркістан және Қызылорда облыстарына таратылды. Болашақта QazaqGaz елдің басқа өңірлерінде де цифрлық есепке алуды енгізуді жоспарлап отыр. Жалпы Қазақстан бойынша 1,35 млн ақылды газ есептегішін орнату жоспарланған.