Шымкенттегі кәсіпорында электр тогы соғып, бұрынғы спортшы Әділ Тілектес қаза тапты. Ажал құшқан жайттың мән-жайын облыстық полиция департаменті хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Балуанның қаза болғаны туралы ақпарат Halуqstan Telegram-арнасында жарияланды. Жазба авторының дерегінше, Әділ Тілектес жоғары кернеулі кабельді абайламай ұстап қалып, биіктен құлап, өмірмен үйлеспейтін жарақат алған.

«Спорттағы көптеген жетістігіне, соның ішінде 2019 жылы грек-рим күресінен 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткеніне қарамастан, Әділ отбасын асырау үшін кәсіби мансабын аяқтап, Шымкенттегі керамикалық плитка шығаратын зауытқа жұмысқа тұруға мәжбүр болды. Спортшының есту қабілеті нашар еді. Ол жарыстарда бар болғаны екі жыл белсенді өнер көрсетіп, содан кейін кілемнен кетті. Марқұмның екі баласы қалды», — делінген жарияланымда.

Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қаладағы кәсіпорындардың бірінің аумағында жұмысшының қаза болуына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

«Алдын ала анықталғанындай, ер адам жұмыс барысында электр тогы соғып, өлімге әкеп соққан жарақат алған. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», — деді ведомствода.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер жария етілмейді, деп қосты полицияда.