Шымкенттегі өрт салдарынан 2 мыңға жуық абонент көгілдір отынсыз қалды. QazaqGaz Aimaq АҚ ТЖ себебін атады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
От жүк көліктері мен бұрғылау жабдықтарын шарпыды. Келген өрт сөндірушілер жалынды сөндіріп, оның тұрғын үйлерге таралуына жол бермеді.
Газ қызметтері отын беруді жедел тоқтатты. Нәтижесінде 1,5 мың жеке тұрғын үй, 340 пәтер және ондаған басқа нысан газсыз қалды.
Жер жұмыстарын жүргізген компанияға қатысты тексеру басталды. Бұған дейін оған қауіпсіздік техникасы туралы ескертілгені айтылады. «18 тамызда филиал мамандары оқиға орнына келіп, газ құбырының қорғаныш аймағын көрсетті. Оны белгілеу үшін газ құбырының жанында техниканы қолданып жер жұмыстарын жүргізуге болмайтынын, тек қолмен қазуға рұқсат етілетінін ескертті. Алайда мердігер ұйым бұны ескермей, көлбеу-бағытталған бұрғылау жұмыстарын орындады. Соның салдарынан осы апат болды», — деді QazaqGaz Aimaq АҚ Шымкент өндірістік филиалы бөлімі бастығының орынбасары Эльдар Куандыков.


