Шымкентте 21 жастағы Нұрахмет Бердібай TikTok-те тікелей эфир жүргізіп, онда көрерменнің қаралы күн туралы сұрағына жауап бергенде, сот қоғамға құрметсіздік және қоғамдық тәртіпті бұзу деп бағалаған сөздер айтқаны үшін 10 тәулікке қамалды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Трансляцияны полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында анықтаған. Тікелей эфирге Бердібаймен бірге 22 жастағы Абзал Мұсырманқұл мен Бақдәулет Мұстафа қатысқан.
«Трансляция кезінде Шымкенттің 21 жастағы тұрғыны Нұрахмет Бердібай көрерменнің қаралы күнге қатысты сұрағына жауап беріп, қоғамға айқын құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзатын сөздер айтты», — деп келтіреді полиция.
Сот Бердібайға 10 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады. Сонымен қатар үшеуіне де қоғамға жат мінез-құлыққа жол берілмейтіні туралы ресми ескерту жасалды. Олар ішкі істер органдарында бір ай мерзімге профилактикалық есепке де қойылды.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Әскери-теңіз күштері Каспийде оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап жатқанда, кенеттен шыққан дауыл мен екпінді желден 17 әскери қызметші ашық теңізге ағызылып кеткен. Оқиға салдарынан 14 адам қаза тапты. Сарбаздардың қаза табуына байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық қаралы күн деп жариялады.


