Шынар Ақпарова Қазақстанның оқу-ағарту бірінші вице-министрі болды, деп хабарлайды infohub.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін ведомство басшысы Жұлдыз Сүлейменова ұжымға бұған дейін вице-министр қызметін атқарған Шынар Ақпарованы таныстырды.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Шынар Қуанышқызы Ақпарова Қазақстан Республикасының оқу-ағарту бірінші вице-министрі болып тағайындалды. Осы тағайындауға дейін ол 2025 жылдың қарашасынан бастап оқу-ағарту вице-министрі қызметін атқарды», — делінген ресми хабарламада.
Шынар Ақпарова 1972 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Ол Целиноград қаржы-экономикалық техникумын, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін және Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін бітірген.
Еңбек жолын орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі болып бастаған. Әр жылдары мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әдіскер болып жұмыс істеген, білім сапасын бақылау және қамтамасыз ету жүйесінде әртүрлі қызметтер атқарған.
2020–2023 жылдары Қарағанды облысы бойынша білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары, ал 2023–2025 жылдары осы департаментті басқарған. 2025 жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.


