Қарағанды облысында кадрлық өзгерістер болды: Ермек Алпысов әкім орынбасары қызметінен босатылып, оның орнына Шыңғыс Сүйінбаев тағайындалды, деп хабарлайды infohub.kz.
Әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінше, Алпысов басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметін тоқтатқан. Жаңа орынбасар ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілгеннен кейін тағайындалды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Сүйінбаевтың тәжірибелік білімі мен кәсіби дағдылары жаңа қызметте өз әлеуетін толық жүзеге асыруға көмектесетініне сенім білдірді.
Шыңғыс Сүйінбаев еңбек жолын «ҚазИнМетр» РМК жанындағы «Қазақстандық тексеру қызметі» Алматы филиалында бірінші санатты маман болып бастап, кейін тексеру зертханасының меңгерушісі болды.
Әр жылдары ол ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінде, кейін ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінде басшылық қызметтер атқарды.
2022–2023 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді. 2023 жылдың қарашасынан осы тағайындауға дейін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.


