Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Солтүстік Кипрдегі оқиға кезінде зардап шеккен әйелдің Қырғызстан азаматы екенін анықтады, деп хабарлайды infohub.kz.
Деректерді нақтылау барысында зардап шеккен әйелдің Қазақстанда туғаны, бірақ Қырғыз Республикасының азаматтығын алғаны белгілі болды. Бұл туралы ҚР СІМ ресми мәлімдеді.
Бұған дейін желіде 22 жастағы Жанерке Абдразакова есімді қыз Никосиядағы Metropol Market супермаркетінде қарулы шабуылдан кейін өте ауыр жағдайда жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Жергілікті полицияның мәліметінше, 3 тамызда сағат 11:45 шамасында белгісіз біреу ешқандай себепсіз оған пышақпен шабуыл жасап, кейін өзіне де жарақат салған. Екеуі де мемлекеттік ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауында жатыр.
Қазақстан СІМ-де бұл оқиғаға түсініктеме берді: дипломаттар болған оқиғаның мән-жайын анықтап, жергілікті құзырлы органдармен байланыста. Сыртқы саяси ведомство мәселені өз бақылауына алды.


