Қазақстандық теннисші Соня Жиенбаева халықаралық аренадағы өнерімен таң қалдыруды жалғастыруда. 20 жастағы спортшы World Tennis Tour турнирлерінде қатарынан екінші рет чемпион атанды, деп хабарлайды infohub.kz.

Бұл жолы Жиенбаева Испанияның Виго қаласында өткен W35 санатындағы жарыста жеңіске жетті. Әлемдік рейтингте 450-орында тұрған қазақстандық финалда WTA рейтингінің 332-сатысындағы Қытай өкілі Юфей Ренмен кездесті.

Матч Жиенбаеваның екі сеттегі жеңісімен аяқталды — 7:6 (8:6), 7:5. Теннисшілер кортта 1 сағат 46 минут өткізді.

Бұл Жиенбаеваның World Tennis Tour турнирлеріндегі қатарынан екінші жеңісі. Бір апта бұрын ол Испанияның Оренсе қаласындағы W75 санатындағы жарыста финалда болгариялық Изабелла Шиникованы жеңген еді.

Осылайша, Жиенбаева Испаниядағы екі апта ішінде қатарынан екі титулды — Оренседегі W75 және Вигодағы W35 — иеленіп, кәсіби деңгейдегі сәтті сериясын жалғастырды.