Жоғары сынып оқушыларына арналған жиынтық бағалауды тоқтату мәселесі әлі ашық күйінде тұр. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова үкіметтегі брифингте оқушылардың білімін бағалау жүйесінде не өзгеретінін түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz.
Журналистер неліктен СОР мен СОЧ тек 2-4 сынып оқушылары үшін тоқтатылып, жүктеме жоғары болғанына қарамастан 5-11 сыныптарда сақталып отырғанын сұрады. Олар жоғары сынып оқушыларына мұндай жұмыстардың санын азайту мүмкіндігі қарастырылғанын білгісі келді. Алайда нақты жауап берілмеді.
Шынар Ақпарова тек бастауыш буындағы өзгерістерге тоқталды. «Критериалды бағалау тоқтатылмайды — біз қазір тек критериалды бағалау тәсілін өзгертіп жатырмыз. Бұрын бастауыш буында әр бөлімнен кейін СОР тапсырып, тоқсан соңында тағы СОЧ тапсыратын болса, енді балалар тоқсандық жұмыстарды тапсырмайды. Яғни формативті бағалау қалады — 1-ден 10 баллға дейін. Жалғыз айырмашылық — әр бөлімнен кейін аралық бағалау болады. Қорытындыда формативті бағалау нәтижелері мен аралық бағалау нәтижелері қосылып, тоқсандық қорытынды шығады. Яғни, біз жүктемені азайтып жатырмыз», — деді ол.
Оның айтуынша, жазбаша жұмыстарға басымдық беріледі. Ал жоғары сынып оқушыларына келер болсақ, жаңа пәндер — «Конституция негіздері», «Заң және тәртіп» және «Қауіпсіздік негіздері» бойынша баға қойылмайды, себебі олар вариативті компонент аясында өткізіледі.
Еске салайық, 26 мамырда Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қазақстандық мектептерде СОР мен СОЧ-тан біртіндеп бас тартуы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Жақында олардың тек 2-4 сыныптарда тоқтатылатыны белгілі болды. Оқушылардың оқу жетістіктері формативті бағалау, тақырыптық және қорытынды бақылау арқылы бағаланатын болады.


