Starlink спутниктік интернетімен жабдықталған жолаушылар пойызы Нұрлы жол — Арқалық бағытында жыл соңына дейін қатынауды жалғастырады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ұлттық теміржол тасымалдаушысы №225/226 Нұрлы жол — Арқалық пойызының қатынау мерзімін 2026 жылдың соңына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл жолаушылар сұранысын қанағаттандыру, Ақмола және Қостанай облыстары тұрғындарының көліктік қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жолаушыларды тасымалдауға қолайлы жағдай жасау мақсатында жасалды.

Алғашында пойыз жолаушылар ағынын зерделеу үшін тамыз айының соңына дейін сынақ режимінде тағайындалған болатын. Азаматтардың өтініштерін қарап, нақты сұранысты ескере отырып, оның қатынау мерзімін жыл соңына дейін ұзарту туралы шешім қабылданды. Рейстің ерекшелігі — Starlink технологиясы негізінде спутниктік интернеттің іске қосылуы. Сонымен қатар, ыңғайлы кесте жолаушыларға аймақтар арасындағы сапарларын жайлы жоспарлауға мүмкіндік береді. Жалпы, бағытты ұзарту тұрақты көлік байланысын қамтамасыз етуге және жолаушылар тасымалының сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған, — деп атап өтті «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.

Жолаушыларды тасымалдау 2024 жылы шығарылған RWS Wagon вагондарымен жүзеге асырылады. Пойыз құрамында бір бағытта 250-ден астам жолаушыны тасымалдауға есептелген үш купелік және үш плацкарт вагоны бар. Вагондар қауіпсіздік, сенімділік және жайлылыққа қойылатын заманауи халықаралық талаптарды ескере отырып жасалған. Купелерде эргономикалық ұйықтайтын орындар, жеке жарықдиодты шамдар, USB-порттар және желілік розеткалар орнатылған. Вагондардың қызмет ету мерзімі — 40 жылға дейін, — деп қосты баспасөз қызметі.

Пойыз күн аралатып қатынайды. Жол бойында ол Нұрлы жол, Жалтыр, Атбасар, Жақсы, Есіл, Державинская, Арқалық және басқа да станцияларда тоқтайды.