Сандрингем корольдік иелігіндегі тарихи су мұнарасын енді тұру үшін жалға алуға болады. Бұл — король Карл III-нің жеке резиденциясы, мұнда оның отбасы дәстүрлі түрде Рождествоны өткізеді. Ерекше тұрғын үй британдық тарихқа енудің бірегей тәжірибесін ұсынады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мұнара 1877 жылы инженер Джеймс Манзергтің жобасы бойынша салынған. Шамамен жүз жыл бойы ол корольдік резиденцияны таза сумен қамтамасыз етіп келді, ал жақында ғимарат қайта жөндеуден өтіп, екі қонаққа арналған жайлы тұрғын үйге айналды.
Тұру құны түніне шамамен 151 фунт стерлингтен басталады, бұл шамамен 94,3 мың теңгеге тең. Ұзақ мерзімге жалдағанда бір түннің бағасы төмендейді, бұл ұсынысты туристер үшін тартымды етеді.
Мұнараның ішінде британдық интерьермен жайлы кеңістік жасалған. Қонақтар камин мен люстрасы бар қонақ бөлмесінен, тарихи картиналардан, сондай-ақ жеке камині бар жатын бөлмеден ләззат ала алады. Жоғарғы қабаттан винтажды баспалдақпен шатырға көтерілуге болады, ол жерден Норфолкке керемет көрініс ашылады.
Ғимарат өзінің ерекше неовизантиялық сәулетін, дөңгелек пішінін және кірпіш қалауын сақтап қалған. Енді мұнара корольдік иеліктің ортасында жай ғана тұрып қалмай, туристерді қабылдап, оларға тарихи жерде тұрудың бірегей мүмкіндігін ұсынады.
Су мұнарасы Сандрингем аумағында жалға берілетін жалғыз тұрғын үй емес. Сондай-ақ сегіз адамға арналған Gardens House үйін және алты қонақты сыйдыратын шағын Folly құрылысын жалға алуға болады.
Сандрингем Лондоннан шамамен 160 шақырым солтүстікте орналасқан. Король Карл III бұл иелікті королева Елизавета II қайтыс болғаннан кейін алды. Оны 1862 жылы королева Виктория өзінің ұлы, болашақ король Эдуард VII үшін сатып алған болатын.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle британдық радиостанция тағы да қателесіп, король Карл III-нің қайтыс болғаны туралы хабарлағанын жазған еді.


