Көпбалалы ананың кезектен тыс шекарадан өту әрекеті қылмыстық іске, 100 сағат қоғамдық жұмысқа және өтемақы төлеуге алып келді. Оқиға Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы «Айша бибі» өткізу пунктінде болған, деп хабарлайды infohub.kz.

Жамбыл аудандық сотының мәліметінше, 2026 жылдың мамырында әйел отбасымен Қырғызстаннан қайтып келе жатқан. Шекара бекетінде ол кезектен тыс өтуге тырысып, кезек күтіп тұрған басқа әйелден ескерту алған. Екеуінің арасында сөзге келіс туды. Шекаралық бақылаудан өткеннен кейін жанжал жалғасты. Жәбірленуші болып жатқан оқиғаны телефонға түсіре бастаған, ал сотталушының ұлы да солай істеуге тырысқанда, жәбірленуші оның гаджетін итеріп жіберген. Бұған жауап ретінде көпбалалы ана жүгіріп келіп, қарсыласының бетінен ұрған. Төбелесушілерді куәгерлер ажыратып алды.

Сот отырысы барысында сотталушының кінәсі тараптардың айғақтары, бейнежазбалар және сот-медициналық сараптама қорытындысымен дәлелденді. Әйел кінәсін толық мойындап, өкініш білдіріп, жәбірленушіден кешірім сұрады. Жәбірленуші көптеген соққылар мен ауыр жарақат алғанын айтқанымен, сараптама мұны растамады. Мамандар алынған зақымдар денсаулыққа зиян келтірмеген деген қорытындыға келді.

Прокурор әйелге 100 сағат қоғамдық жұмыс тағайындауды сұрады. Сот оның бұрын сотталмағанын, кінәсін мойындағанын, өкінгенін және бес кәмелетке толмаған бала тәрбиелеп отырғанын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Нәтижесінде әйел Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Оған 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасы кесіліп, сондай-ақ жәбірленушіге 300 мың теңге моральдық шығын өтемақысын төлеу міндеттелді. Үкім заңды күшіне енді.