Ғалымдар өмірдің алғашқы жылдарында қантты аз тұтыну қартайған шақта деменция мен Альцгеймер ауруының даму қаупін айтарлықтай төмендететінін анықтады, деп хабарлайды infohub.kz.
Гуанчжоудағы Гонконг ғылым және технология университетінің эпидемиологы Цзячжэнь Чжэн бастаған зерттеушілер британдық UK Biobank биобанкінің 65 мыңға жуық адамның деректерін талдады. Іріктемеге 1942 жылдың шілдесі мен 1954 жылдың маусымы аралығында ана құрсағында болған немесе өмірінің алғашқы екі жылын өткізген адамдар енді. Сол кезде Ұлыбританияда қантты әскери нормалау қолданылып, тәуліктік норма бір адамға 41 грамммен шектелген еді.
Көрсеткіштерді салыстыру нәтижесінде, өмірінің алғашқы екі жылында қант тұтынуы шектелген адамдарда болашақта деменцияның даму қаупі 23%-ға, ал Альцгеймер ауруының қаупі 28%-ға төмен болғаны анықталды. Бұл көрсеткіш нормалау жойылғаннан кейін туғандармен салыстырғанда байқалды. Аталған ауруларға шалдыққан қатысушыларда диагноз орта есеппен үш жылға жуық кеш қойылған.
Зерттеу авторлары өмірдің алғашқы 1000 күні ми мен жүйке байланыстарының дамуында шешуші рөл атқаратынын атап өтеді. Бұған дейін қанттың жоғары деңгейі қант диабеті мен гипертонияның дамуымен байланыстырылған еді, енді оның когнитивті функцияларға ұзақ мерзімді әсері дәлелденді. Дәрігерлер ата-аналарға жас балалардың рационында қосылған қантты қатаң шектеуді ұсынады.


