Еліміздің түкпір-түкпіріндегі кәсіби суретшілер Алматыға арналған жаңа республикалық байқауда 10,5 млн теңгелік жүлде қоры үшін бақ сынай алады. Арнайы білімі бар кез келген адам жасына, ұлтына және тұрғылықты жеріне қарамастан қатыса алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Ажарлы Алматы!» атты байқау шығармашыл адамдарды қолдап, оңтүстік астананың тарихи, мәдени және табиғи келбетін өнер туындылары арқылы насихаттауды көздейді. Ұйымдастырушылар бұрын көрмеге қойылмаған, басқа байқауларға қатыспаған және жарияланбаған түпнұсқа авторлық жұмыстарды күтеді.

Туындылар үш тақырыптың біріне арналуы тиіс: Алматының тарихи және қазіргі келбеті; қаланың табиғаты, көрікті жерлері мен сәулет мұрасы; Алматының мәдениеті, өнері және қоғамдық өмірі. Қатысушылар кескіндеме (майлы бояу, акрил, темпера, акварель), графика немесе аралас техника жанрында жұмыс ұсына алады. Туындының ең кіші өлшемі — 70 × 80 см.

Жеңімпаздарға мынадай жүлделер беріледі: бірінші орын — 3 млн теңге; екінші орын — әрқайсысы 2 млн теңгеден екі жеңімпаз; үшінші орын — әрқайсысы 1 млн теңгеден екі жеңімпаз; сондай-ақ 300 мың теңгеден бес ынталандыру сыйлығы қарастырылған. Марапаттау рәсімі қыркүйек айында Алматы қаласы күніне орай өтеді, ал үздік жұмыстар қорытынды көрмеге қойылады. Өтінімдер 2026 жылдың 7 тамызы мен 7 қыркүйегі аралығында қабылданады.